Экологиялық айыппұл мөлшері қанша?
Біздің елімізде қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтамаған алпауыт компанияларға қанша мөлшерде айыппұл салынады?
Алмат Қайырбекұлы, Алматы қаласы
Бұл сауалға Құрылыс және экология институтының директоры, профессор Меңлібай МЫРЗАХМЕТОВ былай деп жауап берді:
– Егер Экологиялық кодекске жүгінсек, онда Қазақстанның экологиялық талаптарын бұзған алпауыт компанияға және жекелей адамға өте үлкен көлемде айыппұл салынуы нақты көрсетілген. Айыппұл мөлшерін Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Қоршаған ортаны бақылау агенттігі белгілейді. Мысалы, қандай да бір компанияның салақтығынан біздің қоршаған ортамыздың 10 шаршы шақырымдық көлемі зиян шегетін болса, онда ол компания 1 миллиард теңге айыппұл төлейді. Бірақ бұл айыппұлдың ішіне сол компанияның қоршаған ортаға ғана тигізген зияны есептелініп отыр. Ал адам денсаулығының шеккен зияны ескеріліп отырған жоқ. Сондықтан өз басым елдегі алпауыт компанияларға тек қоршаған ортаның өтеуін ғана емес, адам денсаулығына келтірген зиян құнын өтеуді де міндеттеу керек деп ойлаймын. Алпауыт компаниялар өз қазыналарының қорын төмендетіп алмау үшін осыдан кейін ойланатын шығар.