ЭКО қанша тұрады?
Отбасы құрғанымызға он жылдан аса уақыт өтті. Бірақ баламыз жоқ. Енді жасанды ұрықтандыру жайын ойлап жүрміз. Ол бізде қанша тұрады?
Сәрсен ҚАБЫШ, Алматы қаласы
«ЭКОМед» клиникасының жетекшісі Салтанат Байқошқарованың айтуынша, ЭКО бағдарламасы белсіздікті жоюдағы тәсіл ретінде өте көп еңбек пен ғылыми ізденісті талап етеді. Сондықтан да оның бағасы қымбат. Дегенмен мұндай қызмет түрінің құны ТМД мемлекеттері ішінде бізде арзан көрінеді. Егер салыстырмалы түрде айтсақ, көрші Ресейден Қазақстанда жасанды ұрық салдыру екі-төрт есе арзан тұрады екен.
Қазақстандағы ЭКО-ның орташа бағасы – 150-190 мың теңге. Оған жұмыртқаны өсіруге арналған горманалды дәрі-дәрмектердің бағасын қосыңыз. Ол 100-ден 200 мың теңгеге дейін барады. Сонда ЭКО-ның орташа бағасы – шамамен 300-400 мың теңге.
Денсаулығы жақсы аналар үшін ұрықты жасанды жолмен салуда оның өсіп-өніп кету мүмкіндігі 30-40 пайызды құрайды. Бұл табиғи жолмен бала көтеру сандары жанында жақсы көрсеткіш болып табылады.
Қазір әлемнің көптеген елі ЭКО бағдарламасын тегін енгізуді қолға алған. Мұндай шараны биыл Қазақстан да жүзеге асырмақшы.
– Мемлекет осы негізде бюджеттен 60 миллион теңге бөлді. Мұндай квота балалы бола алмай жүрген 100 отбасына арналған. Аталған процедура Астана (49 квота бойынша) қаласының Бала мен ана ұлттық ғылыми орталығында және Алматы қаласының Акушерлік, гинекологиялық және перенталогиялық ғылыми орталығында (51 квота бойынша) жүзеге асырылатын болады. Квота Қазақстанның барлық облысы бойынша теңдей бөлінеді деп күтіліп отыр. Яғни мұндай жеңілдіктен әр облыстың 5-6 отбасы үмітті деп айтуға болады, – дейді Алматы бойынша Медициналық қызмет төлемдері комитетінің директоры Сәуле Нүкішева.