Мен екі жерде жұмыс істеймін. Әр жұмыста 0,5 жүктемемен. Жақында декреттік демалысқа шығуды жоспарлап отырмын. Осы орайда декретке шығу үшін берілетін анықтаманы қай жұмысыма беремін және екі жұмыстан бірдей декреттік төлем алуға болады ма?
Міндетті әлеуметтік сақтандыру» туралы ҚР заңының 23-1 бабына сай, жүктілігі және босануына байланысты әлеуметтік төлемді тағайындау үшін негізгі құжаттардың бірі – жүктілігі және босануына байланысты еңбекке жарамсыздық парағы болып табылады. Сіз жұмыс істейтін екі жерге құжаттың көшірмесін тапсырып, түпнұсқасын тұрғылықты жеріңіз бойынша Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа өтінішті заңда көрсетілген құжаттармен қоса тапсыруыңыз қажет. Жүктілігі және босануына байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері сіздің атыңызға (СИК бойынша) ай сайын екі жұмыс берушілердің аударған нақты әлеуметтік аударымдары сомасының негізінде анықталады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының пайдасына бір айдың ішінде екі және одан да көп жұмыс берушіден міндетті әлеуметтік аударымдар келіп түскен жағдайда, әр жұмыс беруші бойынша табыс жеке есептеледі де, кейін жинақталады. Бұл ретте бір айдағы табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерінен (75*13 717 = 1 028 775 теңге) аспауға тиіс. Жүктілігі және босануына байланысты еңбекке жарамсыздық парағына негізгі жұмыс орнында мөр бастырып, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа құжаттарды қоса тапсырып өткізесіз. Сіздің екі жұмыс орныңыз дер кезінде ай сайын сіз үшін әлеуметтік аударымдарды аударған болса, сізге әлеуметтік төлем тағайындалған кезде сіздің екі жұмыс орнындағы табыстарыңыз ескеріледі.