Егіз бала тапқан мектеп мұғаліміне қанша жәрдемақы тағайындалады?
Қаламқас ӘБІЛЖАНОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
ҚР «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілігіне және босануына байланысты төленетін әлеуметтік төлемдер (ӘТжб) жұмыс берушінің жұмысшы үшін босануға дейін 70 күнге, босанғаннан кейін 56 күнге, жалпы, 126 күнге арналған уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күнге дейін, соңғы 12 ай ішіндегі табыстан ай сайын қорға аударатын әлеуметтік аударымдары (ӘА) негізінде есептеледі. Қалыпты босанған жағдайда соңғы 12 ай ішіндегі орташа айлық табыс 4,2 коэффициентіне көбейтіледі. Екі не одан көп бала босанған жағдайда, әйелге қосымша 14 күнге еңбекке жарамсыздық парағы тек босанғаннан кейін беріледі. Сол себепті, қосымша еңбекке жарамсыздық парағын Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың (ЗТМО) тұрғылықты жері бойынша бөлімшесіне өткізген жағдайда, әйелге ауыр босануына байланысты 4,7 коэффициентін қолдану арқылы есептелген айырмашылық беріледі. Осыған орай, сіз 126 күнге және қосымша 14 күнге (барлығы 140 күнге) берілген, артқы беті жұмыс берушімен белгіленген уақытша еңбекке жарамсыздық парақтарын тиісті құжаттармен қосып, ЗТМО-ға өткізу керек. Сонда сіздің жағдайыңызда орташа айлық табыс 4,7 коэффициентіне көбейтіледі. Заңға сәйкес, нақты және оған қосымша еңбекке жарамсыздық парағын ол берілген күннен бастап, 12 ай мерзімінде ЗТМО-ға өткізуге мүмкіндігіңіз бар. Босанғаннан кейін тиісті құжаттармен ЗТМО-ға барған жағдайда, балалардың туу туралы куәліктері бойынша: 1) әрбір балаға жеке мемлекеттік бюджет есебінен баланың туылуына байланысты мемлекеттік жәрдемақы тағайындалады. Оның мөлшері: бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына байланысты 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК); төртінші және одан көп баланың туылуына байланысты 50 АЕК-ке тең. 2010 жылдың 1 қаңтарынан 1 АЕК 1413 теңгені құрайды; 2) әрбір балаға жеке Қор қаржысы есебінен бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем (ӘТбк) тағайындалады. ӘТбк мөлшері жұмыс істейтін әйелдің бала туылған күнге дейінгі соңғы 24 ай ішінде жұмыс берушімен қорға төленген әлеуметтік аударымдары негізінде анықталатын орташа айлық табысының 40 пайызы мөлшерінде тағайындалады. Ескерте кететін жайт, қордан тағайындалатын ӘТжб және ӘТбк мөлшерлерінен 10 % міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып, сіздің жинақтаушы зейнетақы қорыңызға жіберіледі.