Еден жуушыға сауықтыру жәрдемақысы тиесілі ме?
Мен мектепте еден жуушы болып жұмыс істеймін. Еңбек демалысына шыққанда бізге неге сауықтыру жәрдемақысын (лечебное пособие) төлемейді. Мектеп басшылары: «Сіздерге сауықтыру жәрдемақысы тиесілі емес», – дейді. Олардың айтуынша, директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісіне де сауықтыру жәрдемақысы төленбейді екен. Сол дұрыс па?
Құндызай СҮЛЕЙМЕНОВА, Оңтүстік Қазақстан облысы
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшы мамандарының мәліметінше, Еңбек кодексінің 1-бабы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 және 27 қыркүйектегі №850 қаулылары бойынша сіздер (еден тазалаушылар) азаматтық қызметшілер санатына жатпайсыздар, сондықтан еңбек демалысына шыққанда сауықтыру жәрдемақысы төленбейді.
Ал директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі азаматтық қызметшілер санатына жатады. Сондықтан оларға сауықтыру жәрдемақысы төленуі тиіс.