Ебі желі энергияға айнала ма?
Үлкен кісілерден дамылсыз соғып тұратын «Ебінің желі» туралы аз-кем естіп едім. Бұл құбылыс еліміздің қай аймағында болады?
Тұрарбек НҰРКЕНҰЛЫ, Тараз қаласы
Солтүстіктен келетін ауа массасы Жоңғар жотасында Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауының шектескен тұсында күшті байқалады. Мұнда өте тығыз ауа массасы тығыз емес ауа массасына ауысып, ұйытқып жел соғады. Тоқтаусыз соғып тұратын бұл желді «Ебі желі» дейді. Қазақстан географиясында Балқаш пен Алакөлдің бұрын біртұтас су айдыны болғандығы және Жоңғар қақпасынан соғатын Ебі желі туралы ғылыми деректерді алғаш келтірген қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов болды.
Жылдың кейбір мезгілдері бірнеше күн қатарынан, кейде тіпті апталап, айлап тоқтаусыз соғатын Ебі желі атанған осынау табиғат құбылысымен жиі-жиі бетпе-бет келетін өңірдің жұртшылығы «Алакөлдің құты да, жұты да – жел» дейді.
Еліміздің энергетика саласының мамандары келешекте Тұран қақпасының желі атанған Ебі желінің қуатын электр энергиясына айналдыруға байланысты жобаларды жүзеге асырса, өзіміздің отандық өнім болып есептелетін бұл электр қуатының бағасы қазақстандық тұтынушылар үшін арзандар еді.