Дұрыс киіне білеміз бе?
Өзіміз күнделікті киіп жүрген киімдеріміздің кейбіреуі денсаулыққа зиян екені бүгінде жиі айтылады. Нақты қандай киімдерді сирек кию керек?
Анар, Өскемен қаласы
Иә, дұрыс айтасыз, кейбір киімдерді абайлап кию керек. Солардың бірнешеуін атап айтар болсақ, денсаулыққа залал келтіру жағынан ең бірінші орында – бүгінде қыз-жігіттер тастамай киетін джинси шалбарлар. Тырысқан джинси кию, белді белдікпен қатты қысу жамбас сүйектерінің дұрыс жетілуіне, асқазанның ас қорытуына, жүйке тамырларының қызметіне кері әсерін тигізеді. Мамандардың айтуынша, көбіне тырысқан джинсиді әсіресе қыздар денелерін сымбатты етіп көрсету үшін киеді, алайда оның зияндығын түсіне бермейді. Тағы бір пайдасынан зияны көп киімдердің бірі – бізөкшелі туфлилер. Аптасына үш рет биік өкшелі аяқкиім киюдің өзі сіңірдің созылуына, табан терісінің жарылуына, сүйелдердің пайда болуына әкеледі. Сондықтан биік өкшелі аяқкиімді аптасына екі рет қана киіңіз және мұндай аяқкиімдерді таңдауда да мұқият болған жөн. Қара тізімге кіретін заттың бірі – галстук. Галстукті жиі тағуға мәжбүр адамдардың басы жиі ауырады. Галстук тамақты қысып тұратындықтан, мидың қан айналымы нашарлайды. Сондықтан адамның жүрегі айнып, көзінің көру қабілеті нашарлап, үнемі шаршаңқы жүреді.