«Домбыра» сөзі қайдан шыққан?
Қазақтың ұлттық аспабы – домбыра қандай мағынаны береді? Зерттеулерде сөздің шығу тарихы туралы не жазылған екен?
Рысалды әже, Семей
Белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, «домбыра» сөзі «дөп бұра», «дәл бұра», «дем бұра» деген сөздердің тізбегі арқылы жасалған. Тағы бір болжамды этнограф Ерік Көкеев еңбектерінен табуға болады. Ғалымның пікірінше, «том» деп түюлі жұдырық немесе қолдың саласы айтылады. Кейіннен бұл түбір ұяңданып «домға» айналған, «быра» тіркесі бір нәрсені шерту, тарту, дыбыс шығару деген мағына береді-міс. Яғни «домбыра» сөзі «қолдың саласымен немесе бес саусақпен шекті шерту» деген мағына береді.
А.Жұбановтың болжамы бойынша «домбыра» сөзі арабтың «дунбаһ и бурра» тіркесінен, яғни «қозы құйрық» деген сөзінен қалыптасқан араб сөз тіркесінен пайда болған. Шындығында да, домбыраның шанағы қозының құйрығы сияқты аяқталады.
Жұмагелді Нәжімеденовтің «Қоңыр үнді домбыра» еңбегінде В.Ф. Платоновтың «Terra incognita XVIII столетия» (Материалы энциклопедии музыкальных инструментов народов мира. СПб.,1998) еңбегінен мысал келтірілген: «домра, домбра, думбыра, думбара, думбрак т.б. қазіргі көптеген түркі, солардың ішінде қазақ, татар, башқұрт, өзбек, қалмақ тілдерінің этнографиялық лексикасында шертіп ойналатын ішекті музыкалық аспаптың атауы ретінде белгілі» делінген.