"Дипломмен - ауылға" бағдарламасы бойынша жұмыс табуға бола ма?
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша қалай жұмыспен қамтыла аламын? Алматыда осы бағдарлама бойынша толық мәліметтерді қайдан алуға болады?
Меруерт, Алматы қаласы
Бұл сұраққа «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арман Халбеков жауап береді:
– Алматы қаласына ауылдық аймақтар қарамайтын болғандықтан, бұл бағдарлама бізде жүзеге аспайды. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша мәліметтерді толық алу үшін ауылдан жұмыс тапқан әрбір жас маман өзінің жұмыс істейтін ауданының әкімдігіне баруы тиіс. Әкімдікте бұл бағдарламаның іске асырылуына ішкі саясат немесе жастар саясаты бөлімі жауапты. Бұл бөлімдерге құжаттар өткізілгеннен кейін аудан әкімі маманның «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа тұрғаны және осы жоба бойынша бір реттік жәрдемақы мен жеңілдетілген несие берілуі туралы шешім шығарады. Сол бойынша банк бір реттік жәрдемақы (100 мың теңге мөлшерінде), сондай-ақ маманның бес жыл жұмыс істеуіне қажет 2 млн теңгеден астам жеңілдетілген несие береді.