Әдетте, әншілер туралы айтқанда, «дауысын қойғызыпты» деп жатады. Осы «дауысты қою» деген дикторларға да қатысты ма?
Зәмзәгүл НҰРТІЛЕУ, Алматы
Танымал диктор Сауық Жақанованың айтуынша, дикторлар да дауысын «қойғызады». Себебі тамағымен сөйлейтін адамдар болады. Дауыс тамаққа кетсе, адам тез шаршап, қырылдап қалады. Сол сияқты іштен, диафрагмадан күмбірлеп шығатын дауыс бар. Ол үшін дыбысты шашыратпай айту керек. Енді біреулер сөйлегенде жағы ашылмай қалатындықтан, әріптерді өз орнымен айтпауы мүмкін. Мұның бәрі «дауыс техникасы» болып табылады, ал «дауысты қою» дегеніміз – осындай нәрселерді реттеу.
Бұрынғы уақытта хабарлардың барлығы эфирге тек қана дикторлардың даусымен кететін, журналистер шықпайтын. Шақырылған қонақтар ғана өз даусымен сөйлейтін. Дикторлардан қате жібермей, анық сөйлеу, дикцияның тазалығы талап етілетін. Одақ тарап, бұрынғы құрылымдардың бәрі ыдырап жатқан уақытта бұл жағына онша мән берілмей кеткен еді. Бірақ қазір радио, телеарна журналистерінің сөйлей алатын-алмайтындығы қайтадан ескеріле бастады. Жалпы, ұлттық өнер академиясында «Сахна тілі» деген пән жүреді. Әрине, сахна мен эфир тілінің сәл-пәл айырмашылықтары бар. Дегенмен сөйлеу техникасы онда үш жыл бойы оқытылады. Демек, бұл – оп-оңай меңгеріле салатын дүние емес деген сөз.
Дикторлар даусын «қойғыза» ма?
Последние статьи автора