Депутаттар халықтың биліктегі өкілдері болып саналады. Олар халықтың әртүрлі мәселелеріне байланысты кімдерге сұрау сала алады?
Елнар, Алматы облысы
Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы заңның 27-бабында жазылғандай, депутаттық сұрау салу Парламент палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстарында депутаттың мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларына осы органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiнде Парламент сессиясында негiзделген түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы болып табылады. Парламент депутатының ҚР Премьер-министрi мен Үкiмет мүшелерiне, Ұлттық Банк төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне, Бас прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi Есеп комитетiнiң төрағасы мен мүшелерiне сұрау салуға құқығы бар. Бұл ретте Бас прокурорға салынған сұрау қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты мәселелерге қатысты бола алмайды. Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасына салынған сұрау Палаталардың жабық отырысында қаралады.
Сұрау салу жазбаша түрде енгiзiлуi мүмкiн және Парламент сессиясында жария етiлуге тиiс. Өздерiне сұрау салынған лауазымды тұлғалар Парламент сессиясында ол жөнiнде ауызша немесе жазбаша жауап қайтаруға мiндеттi. Сұрау салуға жазбаша жауап әрi кеткенде бiр ай мерзiмде табыс етiлiп, сессияда жария етiледi. Сұрау салуға қайтарылған жауап бойынша жарыссөз өткiзiлуi мүмкiн. Депутат салынған сұрауына қайтарылған жауапқа өз пiкiрiн бiлдiруге хақылы. Депутаттар палаталардың бiрлескен және бөлек отырысында лауазымды тұлғаларға ауызша сауалдар қоюға хақылы. Сауалға жауап осы отырыста, ал жауап беру үшiн қосымша даярлық қажет болған ретте үш күн мерзiм iшiнде қайтарылады.
Депутаттардың кімдерге сұрау салуға құқы бар?
Последние статьи автора