Денсаулыққа зиянды жұмыс үшін үстемеақы төленуі тиіс пе?
Мемлекеттік органда қызмет істеймін. Яғни аудандық әкімшілікте компьютерші, бағдарламашы болып келісімшартпен 34 мың теңгеге штаттан тыс жұмыс істеймін. Толық штаттағы адамдардан артық болмаса, кем жұмыс атқармаймын. Бірақ маған компьютердің денсаулыққа зияндылығы үшін үстемеақы төленбейді. Маған үстемеақы төленуі керек пе?
Берік САЙЛАУБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы
ҚР Еңбек кодексінің 204-бабына сәйкес, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды), қауiптi жұмыстарда iстейтiн қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеу қалыпты еңбек жағдайындағы қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеумен салыстырғанда жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар (ставкалар) немесе қосымша ақылар белгiлеу жолымен жоғарылатылған мөлшерде болады. Бiрақ Қазақстан Республикасының заңнамасында, салалық келiсiмдерде немесе ұжымдық шарттарда еңбекке ақы төлеудiң ең төменгi стандарттары негiзінде белгiленген мөлшерден кем болмауы тиіс. «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысына 19-қосымшада қызметкерлерге ауыр және зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы қарастырылған. Бұл ретте, аталған қосымша ақы лауазымдары мен кәсіптері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 31 шілдедегі №182-Ө бұйрығымен бекітілген. Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына құқық беретiн өндiрiстердiң, цехтардың, кәсiптер мен лауазымдардың тiзiмiн, сондай-ақ ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстардың тiзбесiне енгізілген қызметкерлерге төленеді. Тізім министрліктің веб-сайты «Нормативтік-құқықтық база» айдарында орналастырылған.