Декреттік демалыс кезінде еңбек демалысын ала аламын ба?
Мен жоғары оқу орнында мұғалім болып жұмыс істеймін. 2011 жылы еңбек демалысын алғанмын. 2011 жылдың 15 қыркүйегінен 2012 жылдың 18 қаңтарына дейін босануға байланысты демалыста болдым. Маған 2012 жылға еңбек демалысы қалай беріледі? Материалдық көмек төлене ме?
Жеміскүл, Жетісай қаласы
Еңбекке ақы төлеу басқармасы маманының айтуына қарағанда, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 192-бабына сәйкес (бұдан әрі – Кодекс), әйелге қалауы бойынша жүктiлiкке және босануға байланысты демалыстың алдында немесе тiкелей одан кейiн, не балаға күтiм жасауға арналған демалыс бiткен соң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне:
1) нақты жұмыс iстелген уақыт;
2) қызметкер нақты жұмыс iстемеген, бiрақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе iшiнара сақталған уақыт;
3) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты нақты жұмыс iстемеген уақыт;
4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс iстемеген уақыт қосылады.
Жүктiлiкке және босануға байланысты демалыс кезеңі жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне кіреді.
Сонымен бірге Кодекстің 239-бабына сәйкес, мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып берiледi. Азаматтық қызметшiлерге сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтiзбелiк жылда бiр рет төленедi.