Data-орталық дегеніміз не?
Жақында Үкімет басшысы Павлодар облысында Дата-орталық құру жөнінде мәселе көтерді. Ол не, не үшін керек?
Нұрқанат, Алматы облысы
Дата-орталық – қазіргі заманғы компьютерлік технологиялардың, ақпараттық-байланыс құралдарының ақпаратын сақтау және өңдеу орталықтары. (Оның үлгілерімен Голливудтың «Терминатор-2», «Крепкий орешек-4» тәрізді фильмдері арқылы таныспыз).
Егер бұрынғыдай барлық іс-құжаттары қағаз жүзінде жүретін болса, бір ғана банктің бір күндік құжат айналымының өзі кішігірім жүк машинасын толтыратын еді. Ал қазір орташа компаниялардан бастап, Үкіметтің электронды жүйесіне дейін ондағы ақпараттардың бір жерде сенімді түрде сақталуын, тиісінше өңделуін, ұдайы толықтырылып отыруын, қорғалуын қажет етеді.
Қазір де көптеген компаниялардың, банктердің өздерінің дербес орталықтары бар. Бірақ олар шағын болғандықтан, мұндай орталықтарға қойылатын тиісті талаптар деңгейінде емес. Ал салынуы тиіс қазіргі жаңа Дата-орталық ең жоғарғы халықаралық талаптарға (Tier 4 (2(N+1)) ) жауап бере алатын, суперкомпьютерлер жұмыс істейтін, кең жолақты байланыс каналдары бар, бірнеше деңгейлі қорғаныс жүйесімен виртуалды, табиғи, техногенді апаттардан барынша қорғалған, электр қуатымен жабдықталуы аса сенімді орталық болуы тиіс. Мұндай қазіргі заманғы, ең соңғы технологиялармен жабдықталған электронды ақпараттарды сақтау орталығы елімізге ғана емес, барлық Орталық Азия елдеріне, тіпті дүниенің бар түкпіріне қызмет көрсете алады. Өйткені ақпараттық технология үшін қазір «алыс-жақын» деген ұғымдар жоқ.