«Дала дауысы» қашан мәреге жетеді?
Қазақ радиосы «Дала даусы» фестивалін бастап еді, соның соңы не болды? Концерт қашан, қайда болмақшы? Және оған тек дәстүрлі әншілер қатыса ма?
Айым Махамбетова, Тараз қаласы
2013 жылдың шілде-қараша айлары аралығында бес ай бойына Қазақ радиосы мен Шалқар арнасы эфирлерінде үздіксіз жүрген «Дала даусының» соңғы нүктесі желтоқсанның 6-сы күні қойылады. Дәлірек айтсақ, сол күні сағат кешкі 19.00-де елордамыз Астана қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Дала дауысы» Халықаралық радиофестивалі жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау кеші өтеді.
Оған тек дәстүрлі әншілер ғана қатысады деу – қате пікір. Себебі фестиваль мына номинациялар бойынша жеке-жеке жүлделер табыс етеді:
– Қазақтың халық және халық композиторларының әндері (дәстүрлі әндер);
– Академиялық бағыттағы қазақ композиторларының әндері (қазақ операларынан ариялар, жекелеген әндер);
– Заманауи әндер (эстрадалық).
Сондай-ақ түрлі орындаушылық мәнерде (дәстүрлі, еуропалық академиялық, эстрадалық), түрлі стильде (классикалық, эстрадалық, поп, рок, реп, хип-хоп т.б.) орындауға еркіндік беріледі.
Халықаралық «ДАЛА ДАУЫСЫ» радиофестивалі дүниежүзі елдері арасында өткізіледі. Фестивальда әнді жазушы тұлғалар (композитор, ақын, өңдеушілер) емес, тек орындаушылар ғана марапатталады.