БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болудың тәртібі қандай?
Жуырда 2013 жылдың 17 қыркүйекте ҚР СІМ ғимаратында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстан кандидатурасын алға тартуға арналған жиын өткенін білеміз. Жалпы, БҰҰ ҚК-не қандай елдер мүше және оның тәртібі қандай?
Ержан, Алматы облысы
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің негізгі қызметі – халықтар арасындағы бейбітшілікті сақтау. Оған 15 ел кіреді. Оның бесеуі – Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей және Франция тұрақты мүшелер. Қалған 10 мүшені географиялық ұсыныс негізінде ассамблея екі жыл мерзімге сайлайды және олардың бесеуі – жыл сайын сайланады. Географиялық негізде ҚК-нің тұрақты емес мүшелердің бесеуі Азия мен Африкадан, біреуі – Шығыс Еуропадан, екеуі – Латын Америкасынан, екеуі – Батыс Еуропадан және өзге елдерден сайланып отырады. Қазіргі тұрақты емес мүше елдер: Австралия, Гватемала, Марокко, Пәкістан, Того елдері 2012-2013 жылдарға, яғни бір жылға сайланған болса, Әзірбайжан, Аргентина, Люксембург, Руанда, Оңтүстік Корея (2013-2014) , яғни 2 жылға сайланған. Жарғыға сәйкес, БҰҰ мүшелерінің барлығы ҚК-нің шешіміне бағынады. БҰҰ-ның Бас ассамблея сияқты өзге органдары үкіметтерге тек ұсыныстар ғана жасаса, Қауіпсіздік кеңесінің мүше-мемлекеттер орындауға міндетті шешімдер қабылдауға өкілеттілігі бар. Алайда, тұрақты мүшелердің кез-келгені қалған 14 мүше қолдап тұрған қандай да бір шешімнің орындалуына кедергі жасай алады. Бұл «Вето» құқығы деп аталады.