Бүйірді таяну – қазаның белгісі
Үлкендерден «бүйіріңді таянба» деген тыйымды жиі естиміз. Көпшілігі мұның себебін «жаман болады» дей салады, таратып түсіндіре бермейді. Бұл тыйымның мән-мағынасы қандай?
Алмас ОРАЗҒҰЛОВ, Жамбыл облысы
Қазақтың ырым-тыйымдарының өзіндік мән-мағынасы бар. Айталық, бір үйдің адамы қаза болғанда ол адамның жақындары қимастықпен егіліп, солқылдап жылайды. Мұндай кезде адамның ішкі ағзасының барлығы бірдей қозғалысқа түседі. Солқылдап жылағанда бүйрек пен бауыр созылып кетуі мүмкін. Мұның барлығы жүрекке салмақ салады. Осындай қаза үстінде қаралы үйдің адамдары белдерін мықтап буады. «Белін мықтап буған адамның ішкі құрылысы жылаған кезде бос тұрмайды. Содан кейін екі иіні түсіп бүкшиіп қалмайды, өйткені белі буылған адамның иығы көтеріледі. Екі бармақты белді буған жерге, мықыннан сұғып отырғанда адам еңсесі түспей, тіктеле түседі. Бір жағынан, бұл – сүйеу, тіреу. Мұны үйдегі әйелдер істейді. Олар орамалдың ішінен байлауышпен басын да мықтап байлайды. Жайшылықта бүйірді таяну жамандық шақырғанмен бірдей», – дейді этнограф Зейнеп Ахметова.