Астананың орнында бұрын ежелгі қалашық болған екен деп естіп қалғаным бар еді. Ол қалашықтың аты Бозоқ екен. Осы қалашық жайында толық білгім келеді.
Дастан Жұмабаев, Астана
Бозоқ – шамамен VIII ғасырларда құрылған ежелгі қалашық. Бұл қалашықты 1998 жылы Есіл археологиялық экспедиция басшысы мен негізін қалаушы К.А.Ақышев ашады. Қалашық Нұра өзенінің Есіл өзеніне өте жақын ағып келетін тұсында орналасқан. Аумағы 30 гектар жерді алып жатыр. Бұл жер шаруашылық мақсаттарға, әскери-стратегиялық дайындық өткізуге, керуен жолдарын бақылауға алуға өте қолайлы болған. Тарихшылардың айтуынша, Бозоқ – аумақтың әкімшілік және сауда орталығы, сонымен қатар Ұлы Жібек жолы бойындағы қыпшақ билеушілерінің әскери ордасы болған. Сондықтан да бүгінгі еліміздің ордасы қу тақырға салынып, ойда жоқта Астана бола қалған жоқ. Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшірерде жоғарғы Есіл маңында жоспарлы түрде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өз еңбектерінің бірінде: «...ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы деп санауға болады, ал оның соңғы мұрагері қазіргі Қазақстанның астанасы – Астана қаласы», – деп жазуына осы зерттеулер де негіз болды десек те болады.
Бозоқ қаласын Ақмоланың түпкі атасы санауға болады
Последние статьи автора