Бөкей туралы білгім келеді
Кезінде қазақ тарихы мектептерде дұрыс оқытылмады. Соның салдарынын көп нәрседен шет қалған жайымыз бар. Білгім келетіні: қазақ тарихында айтылатын Бөкей ордасы қай жылдары құрылып, нақты қай жерлерді алып жатқан? Жамал Нүркенова, Ақтөбе қаласы
Бөкей – Бөкей ордасының ханы, Әбілқайыр ханның немересі, Нұралының баласы. Бөкейдің туған жылы белгісіз, 1815 жылы дүниеден өткен. Айшуақ хан тұсында хан кеңесінің төрағасы болған. 1801 жылдан сұлтан, 1812 жылдан Бөкей ордасының ханы болып сайланды. Оның Жәңгір, Әділ, Меңдікерей атты ұлдары болған. 1815 жылдан хан тағын мұрагерлік жолмен Жәңгір иеленді. Бөкей ханның бейіті Еділдің оң жағасында Сейіт баба зиратында қазіргі Астрахань болысы Краснояр ауданына қарасты жерде қалған.
Ал Бөкей ордасы Ресей императорының рұқсатымен құрылып, 1801 – 1845 жылдары Еділ мен Жайық өзендері аралығында орналасқан. Ол Ішкі Орда немесе Бөкей хандығы деп те аталды. Бұл жер бұрын қалмақтардың мекені болған.1815 жылы Бөкей хан қайтыс болып, мұрагері Жәңгір ер жеткенге дейін билікті туысы Шығай сұлтан басқарған. 1823 жылы таққа Жәңгір отырды. Жәңгір қайтыс болған соң, Орда жері Астрахань губерниясына қараған.