Бірпалаталы парламент бар ма?
Сіздер арқылы әлемдегі бірпартиялы парламент туралы ақпар алған едім. Еліміздің Парламенті Сенат және Мәжілістен, яғни екі палатадан тұрады. Бірпалаталы парламенті бар мемлекеттер жөнінде мәліметтер берсеңіздер.
Ернар АРДАҚҰЛЫ, Семей қаласы
Әлемде бірпалаталы парламенті бар мемлекеттер өте көп. Тіпті кейбір деректерде дүниежүзі мемлекеттерінің 60 пайызына жуығының парламенттері бір ғана палатадан тұратыны көрсетілген. Мысалы, Еуропадағы экономикасы дамыған Финляндияның заң шығарушы органы эдускунт (200 депутат), Швеция риксдагі (349 депутат) – төрт жылға сайланатын бірпалаталы парламенттер. Бір ғана палатадан тұратын Еуропаның тағы бір елі – Хорватияның жоғарғы заң шығарушы органында 8 орын елдегі аз ұлттарға беріледі. Соның үшеуі сербтерге тиесілі екен. Бұрынғы КСРО елдерінің ішінде Эстония (101 депутат) мен Түрікменстан (50 депутат) – бірпалаталы парламенті бар мемлекеттер. Сонымен қатар Шри-Ланка (225 депутат), Гвинея (100) және Эритерия (150) т.б. мемлекеттердің заң шығарушы органдары бір ғана палатадан тұрады. 2004 жылға дейін Өзбекстанда бірпалаталы заң шығарушы орган болған. Ал жақында өз жолдауында Украина президенті Виктор Ющенко жалқы палаталы Жоғарғы Раданы қос палатаға бөлу туралы ұсыныс жасады.