Бірінші мұғалім кім?
Ғылым саласында әл-Фарабиді «екінші мұғалім» деп атайтынын естігенмін. Сонда бірінші мұғалім кім?
Асан НҰРБАЙ, Ақтөбе қаласы
Есімі алты құрлыққа мәлім болған, ғылым мен мәдениет мұраларын әспеттеген ғұлама Әбунасыр Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фарабиге (870-950) заманында «Ал-Муаллим-ас-сани» деген атақ берілген. Бұл «екінші мұғалім» дегенді білдіреді. Өз аты – Әбунасыр, әкесі – Мұхаммед, оның әкесі – Ұзлағ, арғы әкесі – Тархан. Туған жері – Отырар, арабтар Бараба-Фараб деп атаған.
Ал бірінші мұғалім, «Муаллим аввал» деп ежелгі грек елінің ұлы ғалымы Аристотельді атаса, көптеген зерттеушілер Фарабиді «екінші Аристотель» немесе «Шығыс Аристотелі» деп пір тұтқан. Бұлай атау себебі, ол табиғат туралы ғылымды да, өнер саласы туралы ғылымды да барынша саралаған. Ғылым тарихында әл-Фарабидің жүзден астам еңбектері белгілі. Ол сол кездегі Шығыстың ұлы қоғамдық-саяси ойшылы болған. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» атты және басқа да еңбектері социология тарихының үздік үлгілері саналады. Оның поэзия, әдебиет саласы бойынша жазған зерттеулері де баршылық. Оның тың еңбектерінде физика, математика, астрономия пәндерінің алатын орны ерекше.
Әл-Фарабидің музыка теориясы бойынша жазған «Музыканың ұлы кітабы» (Китаб ал-мусики ал-кабир), «Музыка жайлы ғылымның элементтері туралы кітап» (Китаб устуксат илм ал-мусика), «Ритмдерді класқа бөлу» (Китаб ихса ал-ина) және т.б. еңбектері бар. «Музыканың ұлы кітабы» атты трактаты оның шығармаларының ішіндегі бірден-бір негізгі туындысы болып саналады.