Бірінші басшылардың әуе апаттары
10 сәуір күні Польша Президенті Лех Качиньский, оның зайыбы Мария Качиньский және Польша елінің ресми тұлғалары мінген ұшақ Смоленск қаласының түбінде апатқа ұшырады. Тарихта мемлекеттердің бірінші басшыларының қайғылы әуе апаттары және оның себептері туралы деректер бар ма?
Мәулен Батырбеков, Алматы облысы
Тарихта әуе апатынан 15 шақты мемлекет басшыларының опат болғаны туралы деректер бар. 1943 жылы Катынь қырғынының шындығын ашуға талпынған Польшаның қуғындағы премьер-министрі Владислав Сикорский мінген ұшақ Гибралтардан ұшып шығып, теңіз үстінде апатқа ұшыраған. Оның себептері әлі күнге дейін белгісіз. АҚШ-тың одақтасы, коммунизмнің жауы болған Филиппин президенті Рамон Магсайсай мінген ұшақ 1957 жылы 14 наурызда Себу аралындағы тауға соғылып, апатқа душар болды. 1959 жылы 29 наурызда ұшақ бортындағы жарылыстан Орталық Африка автономиялық Республикасының бірінші премьер-министрі Бартелеми Боганда қайтыс болды. БҰҰ бас хатшысы Даг Хаммаршельдтің ұшағы 1961 жылы қыркүйекте Солтүстік Родезияның (қазіргі Замбия) Ндола қаласының маңында жерге құлады. Әртүрлі себептерге байланысты әуе апаттарынан Боливия президенті Рене Барриентинос Ортуньо (1969), Югославия премьер-министрі Джемаль Биедич (1977), Португалия премьері Франсишку де Са Карнейру (1980), Эквадор президенті Хайме Рольдос Агильера (1981), Панама президенті Омар Торрихос (1981), Мозамбик президенті Самора Машель (1986), Пәкістан президенті Мұхаммад Зия Ул Хақ (1988), Руанда президенті Жювеналь Хабиаримана мен Бурунди президенті Сиприен Нтариамира бір ұшақта (1994), Македония президенті Борис Трайковский (2004) қаза болды.