Мен жүктілікке және бала тууына байланысты декреттік демалысқа шыққан едім. Сол кезде арызда декреттік демалысты үш жылға беруін сұраған едім. Қазір балам бір жасқа толды. Сондықтан енді жұмысқа шығайын деп бұрынғы жұмыс орныма барсам, «сіз үш жылға демалыс сұрағансыз, қазір сіздің орныңызға басқа адамды қабылдағанбыз, сондықтан сізді жұмысқа ала алмаймыз, үш жыл демалыс біткен соң келесіз» дейді. Осы заңды ма? Қайта өз орныма жұмысқа шығу үшін не істеуім керек?
Жазира ӘКІМБЕКОВА, Қызылорда облысы
Сарапшы маманның мәліметінше, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 195-бабына сәйкес (3-т.), бала үш жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс қызметкердiң жазбаша өтiнiшi негiзiнде оның қалауы бойынша толық немесе бөлiнiп пайдаланылуы мүмкiн.
Демек, бұл демалысты толығымен не бөліп пайдалану мәселесін қызметкер өзі дербес шешуі тиіс.
Аталған баптың 5-тармағына сәйкес, бала үш жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда қызметкер жұмыс берушіге өзінің ниеті туралы жұмыс басталуынан бір ай бұрын ескертуге міндетті.
Демек, сіз жұмыс берушіңізді бір ай бұрын ескертіп, жұмысыңызға шығуға құқылысыз.
Ал жұмыс берушіңіз тарапынан жұмысыңызға шығуға кедергі келтірілетін болса, сізге жұмыс орныңыз орналасқан өңірдегі Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне шағымдану қажет.
Департаменттің мемлекеттік еңбек инспекциясы мекемеде тексеріс өткізіп, жұмыс берушіге тиісті шара қолданады және сіздің еңбек құқығыңыздың қалпына келтірілуіне ықпал етеді.
Бір жылдан соң жұмысқа шығуға құқығым бар ма?
Последние статьи автора