Бір жыл толмай, еңбек демалысына шыққанда төлемақы қалай төленеді?
20 жыл еңбек өтілі бар дәрігер сегіз ай толық жұмыс істеген соң, еңбек демалысына шыққанда, оның төлемақысы қалай есептеледі?
Мәдина САПАРОВА, Алматы облысы
Сарапшы мамандардың мәліметінше, ҚР Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ақысы бес күндік, сондай-ақ алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеу белгіленген қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйлықақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты сипаттағы басқа да ынталандыру төлемдері ескеріле отырып, тиісті кезеңдегі орташа күндік (сағаттық) жалақының есебінен нақты жұмыс істелген уақыт үшін жүргізіледі.
Орташа жалақыны есептеуде Ереже қосымшасына сәйкес, тұрақты сипаттағы емес төлемдер ескерілмейді.
Қызметкердің орташа жалақысы орташа күндік (сағаттық) жалақыны оқиға кезеңіне сәйкес келетін жұмыс күндерінің (жұмыс сағаттарының) санына көбейту жолымен есептеледі.
Орташа күндік (сағаттық) жалақы барлық жағдайларда есепті кезеңде есептелген жалақы сомасын жұмыс уақыты теңгерімін негізге ала отырып, тиісінше, бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының жұмыс күндері (сағаттары) санына бөлу жолымен анықталады.
Егер есеп айырысу кезеңі жұмыспен толық өтелмесе, онда орташа күндік (сағаттық) жалақы жұмыс істелген уақыт үшін есептелген жалақының сомасын осы жұмыс істеген уақытқа сәйкес келетін бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасының жұмыс күндері (сағаттары) санына тиісінше бөлу жолымен анықталады.
Есеп айырысу кезеңі – төленуі тиіс ақымен (төлеммен) байланысты оқиғаның алдындағы ұзақтығы он екі күнтізбелік айға тең кезең, не егер қызметкер жұмыс берушіде он екі күнтізбелік айдан кем жұмыс істеген болса, орташа жалақыны есептеу үшін пайдаланылатыны нақты жұмыс істеген кезең.
Осыған орай, егер тараптардың келiсiмi бойынша қызметкерге еңбек демалысы толық берілсе, оған төлемақы барлық күндеріне (жұмыс күндері), егер нақты жұмыс атқарған уақытына қарай берілсе, онда төлемақы, тиісінше, сол күндерге келетін жұмыс күндеріне жүргізіледі.