Бір партиялы Парламентте 154 депутат бар
Парламенттің төменгі палатасында бұрын 77 халық қалаулысы бар еді. Шынымды айтсам, Конституциямызға өзгерістер енгізілгеннен кейін депутаттардың санын нақты білмеймін. Сенат пен Мәжілісте қанша депутат бар?
Дәурен Ермекбайұлы, Алматы қаласы
2007 жылы өзгертілген еліміздің Конституциясына байланысты Парламент Сенатында 47 депутат болса, төменгі палата –Мәжілісте 107 халық қалаулысы бар. Өзгеріс енгізілген негізгі заңымыз бойынша, Сенаттың 15 депутатын Президент тағайындайды. Ал 32 сенатор 14 облыстан және Астана мен Алматы қалаларынан екі адамнан жергілікті мәслихат депутаттарының дауыс беруі арқылы сайланды. Ал Мәжілістің 98 депутаты сайлаудың пропорционалды жүйесі арқылы партиялық тізіммен сайланды. Қалған 9 мәжілісмен Қазақстан халқы ассамблеясы арқылы депутаттық мандатты иеленді. Сонымен қатар Конституцияға сәйкес, депутаттар арнайы жұмыс топтары мен комитеттер құруға құқылы. Соған сәйкес Сенатта қоғамның әр саласы бойынша алты, ал Мәжілісте жеті комитет бар.