Менің білім саласында қызмет атқарып келе жатқаныма 30 жыл болды. Осыдан 10 жыл бұрын ҚР білім беру ісінің үздігі белгісін иелендім. «Осы белгіні иеленген мұғалімдердің жалақысына 4 мың теңге қосымша ақы қосылады» дегенді естіп едім. Осы қаншалықты рас?
Берік, Оңтүстік Қазақстан облысы
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мамандарының айтуынша, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысымен (бұдан әрі – Қаулы) реттеледі. Білім саласының қызметкерлеріне еңбек жағдайлары үшін қосымша ақы мен үстемеақылар Қаулының 4-қосымшасында белгіленген. Онда бұрынғы КСРО-ның «Халық» деген құрметті атағы бар қызметкерлерге және республиканың атақтарына ие болған қызметкерлерге базалық лауазымдық жалақыдан 50 пайыз, бұрынғы КСРО-ның «Еңбек сіңірген» құрметті атағы бар қызметкерлерге және республиканың атақтарына ие болған қызметкерлерге құрметті атағы үшін базалық лауазымдық жалақыдан 30 пайыз мөлшерде үстемеақы белгіленген. Алайда, «Білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегерлеріне ешқандай үстеме жалақы қарастырылмаған. Аталмыш төсбелгі тек моральдық тұрғыдағы көмек, яғни мұғалімдерге демеу болсын деген ниетпен беріледі. Бірақ оған қосымша жалақы тағайындалады деген нақты ереже жоқ.