Бильярдтың неше түрі бар?
Өткенде Қазақстан ұлттық телеарнасынан үш күн бойы бильярдтан әлем чемпионатын көрсетті. Қарап отырып, қатты қызықтым. Жерлесіміз Ернар Шымбаевтың өнеріне риза болып, қазақ жігіті әлем чемпионы атанғанына қатты қуандым. Кеудемді мақтаныш кернеді. Ернардың арқасында спорттың осы түріне қызығушылығым басталды. Дегенмен таныстарым бильярдтың бірнеше түрі болатынын айтады. Үйренуім үшін солардың ішінде қайсысы оңайырақ?
Аман Есенгелдіұлы, Талдықорған қаласы
Бильярд спортының бірнеше түрі болатыны рас. Яғни орыс бильярды, карамболь (француз бильярды), снукер (Англия бильярды), Пул (американдық бильярд), Новус (Скандинавия бильярды). Осылардың ішінде біздің елімізде кең таралғаны – орыс бильярды. Негізі, орыс бильярды – еркін пирамида (американка), құрастырма пирамида (московский) және динамикалық пирамида (невский) болып үшке бөлінеді. Сіздің айтып тұрғаныңыз – құрастырма пирамидадан өткен әлем біріншілігі. Егер бильярдқа қызығушылығыңыз енді ғана басталса, алдымен еркін пирамиданы меңгеріп алғаныңыз абзал. Өйткені басқаларға қарағанда еркін пирамиданың ережесі қарапайымдау. Содан кейін ғана бильярдтың басқа түрлеріне кірісерсіз.