«Бет айғақ» – сүйінші емес, сыйақы
Қазақта сүйіншінің бір түрі – «бет айғақ» деген салт бар деп естимін. Сол туралы толығырақ айтсаңыздар екен. Ол қандай салт?
Әсемгүл Мақашева, Солтүстік Қазақстан облысы
Қазақ халқының салтында жоғалған малды, затты тапқан, көрген адамға сүйіншісін береді немесе «қалағаныңды ал» дейді.
Ал қылмыстық істерде қылмыскерді, ұрыны тағы басқа жат істермен жүргендерді ұстаған адамға сүйінші орнына берілетін ынталандыру сыйлығы бар. Оның аты – «бет айғақ». Мұнда «бет айғақ» жасаған адамға бұрынғы билер кеңесінің тәртібі бойынша табылған малдың, мүліктің, ақшаның бестен бірі беріледі. Әрине, әлгі адам қылмыскердің іс-әрекетін дәлелдеп, айғақты заттармен, куәлармен оның мойнына қойып беруге міндетті. Бұл істі елдің билері ақсақалдардың қатысуымен шешеді. Шешім сол сәтте орындалады.