Мына жалғандағы әр құбылыс одан да орасан жүйенің бір бөлшегі ғана. Әр адам бір отбасының, әулеттің мүшесі, бір ұлттың баласы, белгілі бір мемлекеттің тұрғыны, жалпы адамзаттың ұрпағы, ғаламның бір бөлегі, яғни бүтіннің бір бөлшегі. Әр жүйенің нақтыланған өзара байланысы, қарызы, парызы бар. Олардың ретсіздігі жалпы жүйенің ауытқуына әкеледі. Біздің әлемде бөлшек бүтін үшін қызмет ететінін байқау қиын емес. Біздің тәніміз де бүтін. Оның әр мүшесі оған қызмет етеді.
Мүшелер жасушадан тұрады. Адам әр жасуша, әр мүше тәннің саулығына қызмет етеді деп сенеміз.
Дүниеде барлық тіршілік иесі, тіпті тастардың да жаны бар. Бәріне керегі махаббат. Қоршаған орта адамнан тек махаббат күтеді. Адамның басты мақсаты – махаббат тарату. Жер бетіндегі тіршілік иелерінен адамның артықшылығы – оның таңдау жасау құқы бар. Тәңірдің махаббатына иелік ету, сол деңгейге көтерілу. Сонда адам даму жолына түседі. Өседі, есейеді. Яки, Тәңірге қызмет етуден бас тартып, жабайы өзімшілдікпен өмір сүру. Бұл деградацияға түсірер жол, кері кетушілік.
Өркениетті елдерде обыр дерті асқынып тұр. Ғылыми зерттеулер обыр жасушасының аспаннан түспейтінін айтады. Ол тәндегі сау жасушалар. Бірақ белгілі бір сәтте олар өзінің әдеткі қызметін тоқтатып, тәртіпке бағынудан бас тартады. Сөйтіп, жылдам көбейіп, барлық шектеулерлен өтіп, әр тұста өзінің қазығын қағып, ту тігіп, сау жасушаларды жей бастайды.
Обыр ісігі өте тез көбейеді. Оған оттегі аса керек. Бірақ тыныс алу ортақ үдеріс. Ал, обыр жасушасы жабайы өзімшілдік ұстанымымен қимылдайды. Сондықтан оларға оттегі жетіспей, қысылады. Мұндай кезде обыр жасушалары автономды жүйеге өтеді. Божи бастайды. Бір-бірден бөлініп кетеді. Жеке дара тәнді айналып жүреді. Ақыр аяғы обыр тәнді өлтіріп тынады. Онымен бірге өзі де өледі. Бірақ бастапқыда обыр жасушасы өте ширақ болады. Сау жасушадан да тез қимылдап, бөлінеді.
Өзімшілдік пен тәуелсіз болу – дұрысында ешқайда апармайтын жол. «Өзге жасушалардың күні не болса, сол болсын», «мен қандай болсам, сондай болып қалам», «бүкіл әлем тек маған қызмет етуі және маған ләззат сыйлауы тиіс» деген ұстаным – нағыз обыр жасушасының өмірлік ұраны.
Обыр жасушасының азаттық пен мәңгі өлмеу туралы концепциясы қате. Бұл қателіктің тамыры неде жатыр? Бір қарағанға жүз пайыз сәтті көрінетін обыр жасушасының өзімшілдікпен көбеюі – ақыр соңы оны да өлімге апарып соғады. Өмір өзімшілдердің мінез-құлқы өз-өзін жою, біраз уақыттан соң өзгелерге де зиянын тигізетінін көрсетіп-ақ келеді.
Қазіргі заман адамдары да солай өмір сүреді. Қоғамдағы өмірді қабылдау дағдысы «мен еш кінәлі емеспін», «басқа адамдарға керегім жоқ, оларға немқұрайлымын», «ең бастысы тек өзімнің мақсатым» дегенге саяды. Осындай пәлсапаны барлық саладан байқауға болады: экономикада, саясатта, тіпті діни ұйымдардан да. Діни ұйымдардың көпшілігі өзінің дәстүрін таңуға ғана бағытталады. Соңынан ерушілерді көбейтуге ғана тырысады. Тек діни институт қана дұрыс, басқалары қате дегенді насихаттайды.
Әрбір жасуша, тіпті сау жасуша болса да, алдымен өзіне қамқорлық танытуы тиіс. Онда неге обыр жасушасы пайда болады? Өзімшілдік пен махаббаттың шекарасы қай жерде? Сау жасушаның аларынан берері көп болмақ. Ол тәннің саушылығы үшін қызмет етеді. Биологтардың айтуынша, сау жасуша 80% тәнге қызмет көрсетіп, өзіне тек 20% қалдырады.
Материалдық тұрғыда пайдаланушылық сараңдық бар. Адам тапқан табысының он пайызын да садақаға бермейді. Айналасындағыларға немқұрайлы. Өзгелер үшін риясыз ештеңе істемейді. Неғұрлым көп табыс табуға құлшынады. Оны тек өзінің рахатына ғана жұмсайды. Сол үшін кейде сатқындыққа, ұрлыққа, алдауға да дайын тұрады.
Ал, энергетикалық тұрғыда пайдаланушылық ашуда, ренжуде, жауласуға дайын тұруда, ұнамаған жағдайды, не адамды қабылдамауда болады. Адам бір нәрсеге бойын үйретсе, соған тәуелді болып, соған ашуланады. Егер жағдай ол ойлағандай өрбімесе, немесе бөтен адамның бір қылығы ұнамаса, қатты ашуланады. Бірақ егер біз алуға емес, беруге бейімделсек, онда мұндай кілтипандарға ашуланбас едік.
Психологиялық тұрғыда пайдаланушылық егер адам бұл фәниге тек ләззат алуға келді деп ойласа туындайды. Ғалам тек мені бақытты етуге, ал басқалар менің алдымда құрдай жорғалайды деген ой – сау адамның ойы емес. Бұл әлемде бізге ешкім ештеңе берешек емес екенін түсінуіміз керек. Адам жер бетіне тек беру үшін, қызмет көрсету үшін келеді. Сондықтан өмір сүрудің екі түрі бар: не обыр жасушасның жолына тұру немесе ұлы махаббат жолына түсіп, махаббат сыйлап, сезіммен өмір сүру.
Махаббат – іштей сезім нысанын толықтай қабылдап, оған еркіндік сыйлау. Қашан, қайда барсаң да адамға деген махаббат басты мақсат болуы тиіс. Бақыттың формуласы қарапайым: бақытты болғың келсе – басқа бір адамды бақытты ет. Егер адам «қазір және осы сәтте» өмір сүрсе, беруге әзірлік танытса, барлық жерде ісі оңғарылады. Бірақ обыр жасушасының ұстанымы дендеп кеткен қоғамда бұлай өмір сүруге бола ма? Айналадағы адамдардың көпшілігі тек пайдаланып кеткісі келіп тұрса, қайтпек керек?
Егер адам өзі немесе өзгеге паразиттік өмір сүруге мүмкіндік берсе, өзіне де, өзгеге де жақсылық болмайды. Керек кезінде балаға да, серіктеске де, қызметтестерге де қаталдық таныту шарт. Егер басқа бір адам сізді пайдаланса, ал сіз оған ештеңе демесеңіз, одан паразит жасап жатқаныңызды есте ұстаңыз. Обыр жасушасы ұстанымындағы қоғамда өмір сүрсеңіз, араласу шарттарыңыз нақты болуы керек. Егер адам обыр жасушасы сияқты өмір сүрсе, сіздің оған қызметіңіз оның ұстанымын өзгертуге ықпал етуіңіз болмақ. Махаббат көпшілік үшін сұлулық, жанға жайлы нәрсе ретінде ғана таныс. Бірақ бұл арзан бұлдану ғана. Махаббат бір жақты емес, ол үнемі тек жағымды көңіл-күй сыйлай бермейді. Махаббат кейде қаталдықпен де өлшенеді. Бұзықтық жасаған баланы, тәртіпке бағынбаған қызметшіні жазалағанда. Адам жағдайды түйсікпен түсінуі керек. Сыртыңнан қаталдық танытсаң да, іштей жақсы көріп тұруды ешкім тыймайды.
Өзімшілдік пен обыр жасушасын біріктіретін екі ұстаным бар:
1. Бөлініс ұстанымы. Жалған өзімшілдік адамның жанын Алладан жауып тұрады. Бүтіннен бөлектеп, оны бұл фәниде әркім өзі үшін ғана өмір сүреді дегенге сендіреді. Өзгелер қайғырып, азаптанса да, маған жақсы болса болды деу керек дегенге бағындырады.
2. Қорғаныс ұстанымы. Обыр жасушасының да, жалған өзімшілдіктің де үнемі қорғанышы болады. Адам өлтіріп қойса да еш мойындамайтын қылмыскерлер болады. Сондықтан байқап жүру керек. Егер адам қорғана бастаса, ақталып, өзінің пікірін қорғаштаса, онда ол обыр жасушасының деңгейіне түскені.
Рудигер Дальке мен Торвальд Детлефсеннің «Дерт деген жол» деген кітабында былай делінген:
«Адам обырға неліктен ренжиді? Бұл дерт айнадағы кескініміз сияқты. Ол бізге біздің мінез-құлқымызды, біздің дәлелдерімізді, өмір сүру жолымызды көрсетеді. Адамда обыр неден пайда болады? Адамның өзі обыр сияқты емес пе?! Оны жеңуге тырыспау керек. Оны түсінуге талпыну қажет. Оны түсінсең, өзіңді де түсіне бастайсың. Обырға әлемнің бүтіндігі сезіну жетіспейді. Адамға да көбіне осы жетіспейді. Өзімшілдік адамды неғұрлым шектеп ұстаған сайын соғұрлым тезірек бүтіннің бөлшегі екенін естен шығарады. Өзімшілдік адамға өзінің жолын тықпалайды. Соны дұрыс дегізеді. Осыдан жақсысы жоқ дегенге сендіреді. Ол бүтінге айналуға қорқады. Оның ойынша бұл өлімге апарар жол. Адам түп-тамырынан айырыла бастайды».
Ұлы істердің бәрі өзімшілдіктің өлуімен басталмақ. Ерлік жасау үшін алып денелі болудың қажеті жоқ. Ең бастысы өзіңнің өзімшілдігіңді жеңе білу. Адам өзіне тағылған мінді қабылдап, өкпе-реніш сақтамауды үйренсе, тектен тек ақталмай, өзінің ұлылығын қорғаса, бұл өзімшілдіктің кішігірім өлімі деуге саяр еді.
Адамның бойында бір мезетте қорқыныш пен махаббат қатар өмір сүре алмайды. Өзімшілдік еселенген сайын қорқыныш та үдей түседі. Ол бір асуға шыққанын місе тұтпай, сонда тұрақтауды, мәңгі тақтан түспеуді ойлай бастайды. Адам өзімшілдікті қорқыныштан босата алмайды. Бірақ өзімшілдіктен құтылып, еркін өмір сүруге шамасы жетеді.
Көп адамдар өз сезіміне беріліп, дегеніне көне кеткісі келіп тұрады. Мұны өзімді жақсы көргендіктен деп түйеді. Тәтті тамақты кез келген уақытта жеп, ауызды тыюды шарт деп түсінбейді. Артық 40 келі қосып алса да, өзін жақсы көру деген осы деп біледі. Ал, оның тәні осындай өмірге разы ма екен? Өзіңді жақсы көру деген өзіңе зиян тигізбеуді білдіреді. Егер адам тәнін Алланың сыйы, аманаты деп қабылдаса, оған немқұрайлы қарамас еді. Ол үшін денге саулық әкелетін күнтізбе жасаңыз. Дұрыс тамақтану, жаттығу жасау, тазалықты сақтау маңызды бола бастайды.
Егер адам өзін жақсы көрсе, жағымсыз қылық, әрекеттерден бас тарта бастайды. Кемшілікті түзеуге барымызды саламыз. Егер етене жақындарымызды жақсы көрсек, оларға да жағымсыз әдет-қылықтарын тыюға көмектесеміз. Ал, егер «қуып жетіп, жақсылық жасау» ұстанымын ұстансақ, онда ол махаббат емес. Махаббат – бүтіндікті мойындау. Ол бәріне біркелкі таралады. Махаббатта ажалдан қорқу жоқ. Ол өздігінше өмір. Егер біз шынайы жақсы көре алсақ, онда жанымыз мәңгі екендігіне сенім артады. Тән ғана тозады. Адам қайда жүрсе де махаббат сыйлай алады.
Обыр жасушасы да барлық шектен өтіп, әрбір мүшеге таралады. Олар да өлімнен қорықпайды. Обыр қисық махаббатты көрсетеді. Махаббатты материалдық деңгейде ғана бар деп сендіреді. Жетістік пен бірігу тек түйсікпен қабылданады. Материалды деңгейде емес. Обыр махаббатты дұрыс түсінбеудің салдары.
Шын махаббаттың символы – жүрек. Жүрек – обырдың жебесі жетпеген бірден бір мүше. Ол махаббат ұясы. Адамның ең басты энергетикалық орталығы. Махаббатпен өмір сүрсек – жүрек ашылады. Адам әлеммен бүтіндігін сезіп, гармонияда өмір сүреді.
Адам осындай шексіз махаббатты сезінгенде барлық мүшесі сауығып, тәні жазылады. Сараң, қызғаншақ, көреалмайтын, өзімшіл адам жағымсыз әсерімен тәннің биохимиялық үдерістерін кері бағыттап жібереді.
Тіпті логикалық тұрғыда ойлап қараған адамға, бәрі түсінікті. Әр адам «бүгін және қазір» өмір сүруі керек. Әрине, өзімшілдік оған қарсы тұрады. Ол үшін бұл өліммен тең. Адамның әр секунд сайын өзімшілдік пен махаббат арасынан таңдау жасауға мүмкіндігі бар.
Таңдау жасаңыз.
Рами Блект, баламалы медицина саласындағы философия докторы
Аударған Шынар Әбілдә