Батыстағы ірі қаланың тарихы қай кезден басталады?
Ақтөбе қаласының іргесі қашан қаланған? Қаланың бұлай аталу себебі не? Облыс орталығының орысша атауы бұрынғысынша «Актюбинск» пе?
Еркін Мұқашев, Алматы қаласы
Жергілікті өлкетанушылар мен тарихшылардың мәліметінше, Ақтөбе қала ретінде 1869 жылы іргеленген. Бұл патшалы Ресейдің өлкелік өкіл басшыларының жергілікті халықтан оқшау, әскери әрі қауіпсіз бекініс салу саясаты болатын. Електің сол жағалауындағы жазықтыққа тұрғызылған қала осы өңірдің байырғы атына сай «Ақтөбе» деп қазақша аталды. Тарихи деректерге қарағанда, 1874 жылы Ақтөбенің тұңғыш бас жоспары жасалған. Құрмыш, Татарка, Оторвановка, Мәскеу сияқты алғашқы ықшамаудандардың аумағы мен тарихи атауы әлі күнге дейін сақталып келе жатыр. Өткен ғасырдың басында салынған Орынбор – Ташкент теміржолы қаланың дамуына айтарлықтай үлес қосты. 1932 жылы бұл қала өзімен аттас облыстың орталығына айналды. 1999 жылдың 11 наурызында ҚР Президентінің Жарлығымен қаланың «Актюбинск» деген орысша атауы Ақтөбе болып өзгертілді. Жыл сайын мамырдың 28-і күні ақтөбеліктер қала күнін атап өтеді. 400 мыңнан астам халқы бар Ақтөбе – бүгінде еліміздің батысындағы ірі өнеркәсіп орталығы. 2008 жылы Қазақстан мен Ресей Президенттері Ақтөбеде шекаралас аймақтардың V форумын өткізді.