Басқа этнос өкілдерінің еліміздегі газет-журналы қанша?
Еліміздегі 130-дан астам диаспора өкілдері тілінің, мәдениетінің дамуына бар жағдайды жасап отырған елміз. Осы орайда, олардың «көзі, құлағы һәм тілі» бола алатындай бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруына мүмкіндік беріп отырмыз ба?
Әли, Ақтөбе қаласы
Әрине, еліміздің кез келген үкіметтік емес ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер БАҚ құруға, демократия заңдылықтары шеңберінде қоғамға өз үнін қосуға құқылы. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы мамандарының айтуынша, орыстілді басылымдарды есептемегенде, елімізде өзге ұлт өкілдерінің 35-ке жуық газет-журналы шығады екен. Олардың барлығы – Ақпарат министрлігінде арнайы тіркелген, тіркеу нөмірі мен куәлігі бар басылымдар. Демек, олар заңды тіркеуден өтіп, жұмыс жасап жатыр. Бұлардың арасында төрт ірі газет республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Мысалы, неміс тілінде шығатын «Дойче альгемайне цайтунг» газеті мен кәрістердің «Коре ильбо» басылымы. Ал «Ұйғыр авази» т.б. сол секілді ұлттық орталықтардың газет-журналдарын этномәдени орталықтардың өздері қаржыландырады.