Бас бостандығынан айыру орындары қалай жіктеледі?
Осы бас бостандығынан айыру орындары қандай негізде жіктеледі?
Ерік, Алматы облысы
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 69-бабына сәйкес, бас бостандығынан айыру орындары түзеу колониялары, тәрбиелеу колониялары және түрмелер болып табылады. Түзеу колониялары жалпы, қатаң және айрықша режимдегі колониялар және колония-қоныстар болып бөлінеді. Колония қоныстарда жеті жылдан аспайтын мерзімге сотталған қылмыскерлер, сондай-ақ заңда белгіленген тәртіп бойынша жалпы және қатаң режимдегі түзеу колонияларынан ауыстырылғандар жазасын өтейді. Жалпы режимдегі түзеу колонияларында — қасақана жасаған кішігірім не орташа ауыр және ауыр қылмыстары үшін алғаш рет сотталғандар, сондай-ақ абайсызда жасаған қылмысы үшін жеті жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылғандар; қатаң режимдегі түзеу колонияларында аса ауыр қылмыс істегені үшін алғаш рет сотталғандар, сондай-ақ қайталап қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айырылған еркектер мен әйелдер жазаларын өтейді. Ал айрықша режимдегі түзеу колонияларына аса қауіпті қылмыстарды қайталаған ер адамдар, өмір бойы бас бостандығынан айыру, өлім жазасына кесу үкімі шығарылғандар жіберіледі. Түрмелерде ерекше ауыр қылмыс істеген немесе аса қауіпті қылмысын қайталағаны үшін сотталғандар, сондай-ақ жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзғаны үшін түзеу колонияларынан ауыстырылғандар жазасын өтейді. Тәрбиелеу колониялары кәмелетке толмай істі болғандар жазасын өтейтін орын болып саналады.