Баланы сүндетке қашан отырғызу керек?
Баламыз дүниеге келген соң екі айдан кейін кіші дәретке отыра алмай ауырды. Дәрігерлердің айтуымен сол кезде сүндетке отырғыздық. Атамыз қазақ баласын 3, 5, 7 жастарында сүндетке отырғызған ғой. Ерте отырғызғанның зияны жоқ па?
Айнагүл САБЫРҚЫЗЫ, Павлодар қаласы
Бұл сұраққа Алматыдағы №1 қалалық балалар емханасының хирургы Мусин Дәулет Серікұлы жауап береді:
– Сүндетке 3, 5, 7 жаста отырғызу керек деген қатып қалған қағида жоқ. Бұл – қазақы ырым. Медициналық тұрғыда ерте бастан сүндетке отырғызған өте пайдалы. Біріншіден, ол – тазалықтың кепілі, екіншіден, жыныс жолдары арқылы тарайтын инфекциялар мен аурулардың алдын алады. Мұны уролог мамандар да растайды. Біз қазір бала туа салысымен, ата-анасы рұқсат берсе, 7-10 күнде-ақ сүндетке отырғыза береміз. Ерте отырғызғаннан ешкім ұтылмайды, керісінше ұтады. Оның үстіне жас сәбидің жарасы тез жазылады, ол сезбей де қалады.
«Сүндет» деген сөздің өзі Мұхаммед пайғамбардың сүннеті дегеннен шыққан. Хадистерде Пайғамбар өзінің немерелері Хасан мен Хусейнді туғанына 7 күн толғанда сүндетке отырғызғандығы айтылады. Тағы бір хадистерде 7-күні үлгермеген адам 21-күні отырғызуға болады деген нұсқасы бар.