Баланы моншаға түсірерде нені білген жөн?
Балам моншаға түскенді жек көреді. Үйрете алмай-ақ қойдым. Соңғы кездері жылатып тұрып, моншаға түсіруге мәжбүр болып жүрмін. Баланы моншаға түсуге қалай қызықтыруға болады?
Ұлболсын АЙТҚҰЛОВА, Ақтөбе қаласы
Мамандар моншаға түскенді, әсіресе бумен қыздыратын орында отыруды жаны қаламайтын баланы мәжбүрлемеу керектігін ескертеді. Көзге қорқынышты көрінетін булы бөлмеге мәжбүрлеп кіргізу баланың мінез-құлқына теріс әсер етеді. Жас адамның терісі үшін ыстық моншаға түсіп тұру маңызды емес. Оларды ағзаға мейлінше жеңіл әрі жұмсақ тиетін саунаның себезгілі жуыну орындарына апарған дұрысырақ. Алайда балаға монша мен ыстық будың ағзаға пайдалы, жақсылап демалуға қажетті нәрсе екенін түсіндірген жөн. Моншада балалар үшін жаңа көтеріліп келе жатқан буда бес минут отырса да жеткілікті. Ал сыпырғышпен кішкентай баланың бүкіл денесін емес, табанын ғана ұрғыласа болады. Бумен қыздырынғаннан кейін балалардың суық бассейнге түспегені дұрыс. Негізі, балалардың дені моншаға түскенді жақсы көреді. Жастайынан су мен бу процедураларына үйренген балалар буын сырқырауы мен тері ауруларынан аман болады.