Баламның туу туралы куәлігін қалай ауыстыруыма болады?
Біз осыдан бірнеше жыл ілгері Қытайдан көшіп келгенбіз. Мен де, күйеуім де Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанбыз. Қазіргі күні Алматы облысында тұрамыз. Өткен жылы Қытайдағы туыстарыма барып, сол жақта босанып қалдым. Ол жақта балама Қытай елінің туу туралы куәлігін берді. Осы орайда менің білгім келгені, баламның туу туралы куәлігін қазақстандық туу туралы куәлікке алмастыруыма бола ма? Жергілікті жердегі АХАЖ бөліміне барсам, «енді баланың туу туралы куәлігін алмастыруға болмайды» дейді. Осы заңды ма? Баланың әке-шешесінің Қазақстан азаматы екені ескерілмей ме?
Тұғырхан ШЕҢГЕЛДІ, Алматы облысы
Заңгер маманның мәліметіне қарағанда Сіздің Қытай Халық Республикасында алынған туу туралы куәлікті Қазақстан Республикасының туу туралы куәлігіне ауыстыру туралы өтінішіңіз қанағаттандырылмайды.
Өйткені Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 188, 202-баптарына сәйкес, баланың тууын мемлекеттiк тiркеудi тiркеушi органдар баланың туған жерi бойынша немесе ата-анасының не олардың бiреуiнiң тұрғылықты жерi бойынша жүргiзедi.
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының негізінде белгіленген үлгідегі туу туралы куәлік беріледі.
Балаңыздың тууы Қытай Халық Республикасында тіркеліп, туу туралы куәлік сол жақта берілгендіктен, Қазақстан Республикасының туу туралы куәлігіне ауыстыру мүмкіндігі жоқ.