Баламен отырғанда еңбек демалысына шығу тәртібі
Мен өткен жылдың қазан айынан декреттік демалыстамын. Менің білгім келгені, қазір еңбек демалысына шықсам, қанша күн беріледі? Сауықтыруға арналған жәрдемақы толық төлене ме?
Шолпан, Алматы облысы
Еңбекті нормалау және еңбекке ақы төлеу басқармасының сарапшы маманының мәліметінше, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 192-бабына сәйкес, әйелге қалауы бойынша жүктiлiкке және босануға байланысты демалыстың алдында немесе тiкелей одан кейiн не балаға күтiм жасауға арналған демалыс бiткен соң, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн еңбек өтіліне:
1) нақты жұмыс iстелген уақыт;
2) қызметкер нақты жұмыс iстемеген, бiрақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе iшiнара сақталған уақыт;
3) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты нақты жұмыс iстемеген уақыт;
4) қызметкер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс iстемеген уақыт қосылады.
Жүктiлiкке және босануға байланысты демалыс кезеңі жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқық беретiн жұмыс өтіліне кіреді. Сонымен бірге кодекстің 239-бабына сәйкес, мемлекеттiк бюджет есебiнен ұсталатын азаматтық қызметшiлерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы лауазымдық жалақысы мөлшерiнде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып берiледi. Азаматтық қызметшiлерге сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтiзбелiк жылда бiр рет төленедi.