Кейде намаз оқып жатқанда балалар кедергі жасайды. Сол кезде баз бір кісілер балаларды қуып жіберіп, намазын қайта жалғастыра береді. Сондай кезде намаз бұзылмай ма?
Ықылас ТҰРҒЫНБАЕВ, Алматы облысы
Алтынбек ҰТЫСХАН, ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің маманы:
– Егер балалар намаздағы адамның арқасына жабысса, тізесіне отырса, жайнамазына жатып алатын болса, бұл құлшылығымыздың қабыл болуы тұрғысынан алғанда кедергі келтірмейді. Тіпті баланы ысырып қойып, сәжде жасаса немесе сәждені баланың тура үстіне жасаса, немесе баланы тізесінен түсіріп, артық қимылға барса да, намаз бұзылмайды. Аталған әрекеттер намазға қатысты болмаса да, олар «амал-и касир» – намазды бұзатын үлкен қимылдар қатарына жатпайды. Бұл әлі көп нәрсені түсіне бермейтін баланың еркелігі ойымды бұзды-ау деп еріксіз барған қимылдар болып табылады.
Абдулла ибн Шаддат әкесінен естігенін былай жеткізеді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір құптан намазды өткізу үшін имамдыққа шыққан кезде арқасына Хасан немесе Хусайнның бірін арқалап алғанын көрдім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) алға шықты да, немересін жерге түсіріп тәкбір алды. Намаз оқу барысында ұзақ сәжде жасады. Әкем (сөзін жалғастырып) былай деді: «Басымды көтергенімде, Алланың елшісі (с.ғ.с.) сәждеде, ал бала оның арқасына мініп алған екен. Сәждеге қайтадан бардым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намазын бітірген соң, жамағат былай деді: «Уа, Расулуллаһ, намазда сәждеңізді соза түстіңіз. Сізге бір нәрсе болды ма, әлде уахи түсіп жатыр ма екен деп ойладық». Оларға Расулуллаһ былай деп жауап қатты: «Сендер айтқан нәрсенің ешбірі де болған жоқ. Бар болғаны немерем арқама мініп алды. Ойыны қанып өзі түскенше асықтырғым келмеді деп жауап береді» (ән-Насаи фи сунәниһи, Имам Ахмад фи мәснад, Имам Хаким мустадрак кітабында Бухари мен Муслимнің шартына сай деген).
Балалардың үлкендерге еліктеген қылықтары мен ойындары намазды бұзбайтындығын және намаз үшін алынатын сауап та кемімейтіндігін айта кету керек. Сонымен қатар балаларға орынсыз зеку, жасқаймын деп оларды ренжіту болашақта намаздан суып кетуіне апаруы мүмкін.
Балалар кедергі жасағанда намаз бұзыла ма?
Последние статьи автора