Менің екі балам балабақшаға барады. 5 жасқа толмаған ұлыма айына 18000 теңге төлеймін. Ал 6 жастағы қызыма 8000 теңге төлеймін. Неге олай? Жалпы, тұрмысы нашар отбасыларға жеңілдік бар ма?
Мектепке дейінгі мекемелер мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорын болғандықтан, олар өз табысы есебінен қаржыландырылады. «Білім туралы» Заңға сәйкес, білім тапсырысы 5-6 жастағы балаларға ғана қарастырылған. Демек, мектепке дейінгі мекемелерде жоғары және дайындық топтары (5-6 жас) ғана жалпы білім беру тапсырысы бойынша аудандық әкімшіліктер тарапынан қаржыландырылады. Сондықтан 2-5 жас аралығындағы балалары үшін ата-аналар өз қалтасынан төлеуге мәжбүр. Қазір бұл сома 16 500-17 500 теңге көлемінде. Оған баланың тамағы, коммуналдық төлемдер, топ қызметкерлерінің айлығы кіреді. Оқу-көрсеткіш құралдары сатып алынады.
Ал бес жастан асқан балалар үшін тамағын ғана төлейді. Ол күніне 300-350 теңге көлемінде. Айына 6-7 мыңға түседі. Балабақшада балаларды күтуге ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.