Балабақша мұғаліміне жалақы қалай төленеді?
Мен балабақшада компьютерлік сауаттылыққа үйретуші болып қызмет етемін. Апталық жүктеме – 24 сағат. Маған еңбекақы жүктеме бойынша төлене ме, әлде тәуліктік 8 сағат бойынша ма?
Мәдина МАМЫРҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Сарапшы маманның мәліметінше, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1400 қаулысымен реттеледі.
Қаулының 3-тармағына сәйкес, ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары (ставкалары) (ЛЖ) атқаратын лауазымдарының лауазымдар санаттарына жатқызылуына және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне, тағайындалған біліктілік разрядтарына (жұмысшылар үшін) қарай лауазымдық жалақыларын (ставкаларын) есептеу үшін бекітілген тиісті коэффициенттерді ҚР Үкіметі белгілеген базалық лауазымдық жалақының (БЛЖ) мөлшеріне көбейту жолымен айқындалады.
Қаулымен бекітілген Азаматтық қызметшілердің (білікті жұмысшыларды қоспағанда) санаттар бойынша лауазымдарының тізіліміне сәйкес, біліктілігі жоғары деңгейдегі мұғалімдерге еңбекақы төлеу G-9, біліктілігі орта деңгейдегі G-11 санаты бойынша жүргізіледі.
Сізге жалақы мұғалім ретінде біліктілік бойынша төленеді.