Бәйтерек пен Шаңырақ бас қаланың символы
Кез келген таңбаның мән-мағынасы болады. Менің білгім келетіні, Астана қаласының елтаңбасындағы белгілердің мағынасы қандай?
Қанат СЫРЫМБАЙ, Шымкент
Төлтаңба негізіне жетілу, шексіздік пен мәңгілікті білдіретін шеңбер алынған. Екі символ – Бәйтерек пен Шаңырақты біріктіру оның орталық айшықтары. Осы көркемдік шешім қаланың белгісін де, елдің символын да өз бойына тұтастырған қазіргі Қазақстан дамуының кезеңдік сипатын да танытып тұр. Бәйтерек – төрткүл дүниені құшағына сыйғызған алып ағаш. Шаңырақ – өзің өсіп-өнген отбасыңның әлем кеңістігімен ортақтастығын білдіреді. Төлтаңбаның бүкіл аумағы екі сақинадан тұрады. Сыртқы сақина ұлы даланың тарихы терең қатпарларда жатқандығын білдіреді. Ал сыртқы сақинаның қызыл түсі Оттың аластаушылық құдіретінен туған. Көшпенділер көп жағдайда қызыл түсті ерлік рух пен айбынды жеңісті бейнелейтін жауынгерлік тудың түсі ретінде қабылдаған. Ал ішкі сақина Тәуелсіз Қазақстанның жаңарған бейнесін және Астананың асқақтығын танытады. «Көгілдір аспан» түсі – ұлттық идеология тәуелсіздігінің орталық негізін айқындайтын мемлекеттік тудың түсі.