Көктемнің алғашқы гүлі бәйшешектің біздің елімізде ақ түсі жиі кездеседі. Осы бір нәзік гүлдің басқа түстері бола ма? Бәйшешектің отаны қай ел?
Айгүл БЕКОВА, Алматы облысы
Қар кетер-кетпестен қара жердің бауырын жарып шығатын бәйшешек гүлі әр елде әртүрлі болып келеді екен. Мысалы, Сібір жақтағы бәйшешектердің түсі көгілдір-күлгін түсті болса, енді бір жерде көк, тағы бір аймақтарда сары болып келеді. Жалпы бәйшешек Амур бойы Сахалин және Солтүстік Кавказ аймақтарында өседі. Ал ақ түсті нағыз бәйшешектің негізгі отаны – Оңтүстік Еуропа. Бәйшешек негізінен таулы ормандарда, ылғалды топырақта өседі. Бәйшешектің латын тіліндегі ғылыми атауы – галянтус. Бұл атаудың түбірі грек сөздерінен тұрады: «гала» – сүт, «антус» гүл дегенді білдіреді. Бәйшешектің енді шешек жарайын деп тұрған гүлі сүттің тамшысына ұқсайтын болған соң, оған осындай атау берілсе керек. Бәйшешек – ерекше қорғалатын, Қызыл кітапқа енгізілген өсімдік. Ең нәзік әрі суыққа төзімді бәйшешек гүлі Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік өседі.