«Байқоңыр» қандай фильм?
«Германия режиссері «Байқоңыр» атты фильм түсіріпті» деп естідім. Ол біздің ғарыш айлағы жайлы ма, әлде тек аты солай, заты басқа ма? Фильм неге «Байқоңыр» деп аталады?
Гүлжан ДОСЖАН, Астана қаласы
Әлемдік киноиндустрия бүгінде әлдеқайда алға озып кеткенін білеміз. Бұл ретте де белгілі неміс режиссері Файт Хельмер «Байқоңыр» деп атай отырып, қазақтың «Байқоңырын» да көрсетеді. Бірақ жанрын комедиялық драмаға құрып, әдемі бір форма таба білген. Фильм ғарышкер әйелге ғашық болған қазақ жігіті жайлы. Француз турисі Джулия Махе «Байқоңырдан» ғарышқа ұшып, қайта оралған соң, қазақ жігіті Ескендірмен кездейсоқ танысып қалады. Ел-жұрт Гагарин деп атап кеткен ол жігіт сұлу қызды бір өлімнен құтқарып қалады. Фильмнің тұсаукесері алдымен үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Германияда кесілді, енді бүгінде елімізге де келді. Алдағы күндері Алматы, Астана кинотеатрларынан көріп қаласыздар.