Азия ойындарының медальдары қандай?
Елімізде тұңғыш рет өтетін қысқы Азия ойындарының медальдары қандай? Суретін көргім келеді. Ең бастысы, қазақы рең бар ма екен? Әйтпесе логотипіне қарап, ешқандай да ұлттық нышан байқай алмай қойдық.
Дәурен ЕРМЕКБАЙҰЛЫ, Алматы қаласы
2011 жылы еліміздің қос қаласында өтетін VІІ қысқы Азия ойындарында 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл медальдар жиынтығын Қазақстан ұлттық банкінің Монета сарайы жасап шығарды. Азиада кристалының үлгісіндегі медальдың ортасында осы дүбірлі доданың логотипі орналасқан және шеттері қазақтың ұлттық ою-өрнегімен өрнектелген. VІІ қысқы Азия ойындары дизайнының стильдік элементіне айналған кристалдың мойынға асатын таспасы (лентасы) көк түсті жібек жіптен жасалған. Алтын медаль салмағы 340 грамм күмістен жасалып, 0,4 грамм алтын жалатылған. Күміс медальдың да салмағы – 340 грамм, ал қола жүлденің салмағы – 524 грамм.