Аз қамтылған отбасы ретінде жәрдемақы төленуі тиіс пе?
Мен бес баланың анасымын. Балаларымның үлкені 10 жаста. Қазіргі уақытта үш айлық баламен бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырмын. Балаға алатын ай сайынғы жәрдемақы мөлшері 22 мың теңге көлемінде. Жолдасымның айлық жалақысы 40 мың теңге. Осы орайда менің білгім келгені, маған аз қамтылған отбасы ретінде мемлекеттен арнайы жәрдемақы төленуі тиіс пе? Төленер болса, оның мөлшері қанша болады?
Зүбайра Жайдарханова, Оңтүстік Қазақстан облысы
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңы бойынша бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көпбалалы отбасылар, балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін (бірақ әрі дегенде жиырма үш жасқа толғанға дейін) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына байланысты он сегіз жасқа дейiнгі балаларға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда, балаларға арналған жәрдемақы алуға құқығы бар.
Осы Заңға сәйкес, балаларға арналған жәрдемақы әр балаға бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде белгіленеді.
Жәрдемақылар тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді (2012 ж. – 1618 т).
Осыған орай, көтерілген сұрақтар жөнінде нақты жауап алу үшін сізге тұратын жеріңіз бойынша Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына және Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталыққа баруыңызды сұраймыз.