Ахаңның өнері ақындықпен басталған ба?
Естуімше, Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы ақындықтан бастау алған көрінеді. Сол маңайдағы ақындар бала Ахметке өлең арнап, баталарын берген деседі...
Нұргүл ҚАСЫМБЕК, Қапшағай
Ахмет Байтұрсынұлы 1886 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесіне түсіп, оны 1891 жылы бітіріп шығады. Одан білім іздеп Орынборға барады. 1891-1895 жылдары Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебінде оқиды. Ахаң бала кезінен-ақ ел азаматтарының көзіне түсіп, болашағынан үміт күттірген жас болса керек. Ахмет дүниеге келген Тосын болысының 5-ауылында Жұмабай ақын өмір сүріпті. Жұмабай ақынның төңірегінде Ахметтің жақын туысы Қарпық Шолақұлы, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы деген ақындар болған. Жас Ахмет олардан өлең өнерінің сырын ұғып қана қоймай, өлең сөзге ебі барын байқатқан. Ахмет домбыраны да, ән айтуды да Есенжол ақыннан үйренген. Аға буын ақындар жас талапкердің талабын құптап, оған өлең де арнаған. Бізге жеткен дерек бойынша, Ахаңның алғашқы өлеңі – 1909 жылы Семей түрмесінде жатқанда жазған «Анама хаты». Жалпы, Ахаң өзін Абай, Мағжандай өлең сөздің реформаторы, атақты ақын санамаған, өлеңге халықты оятудың, азат ойды таратудың бір құралы ретінде қараған. Өлеңдерін он бір буынды қара өлеңмен, «Жиған-терген» деген өлеңін Абайдың «Сегіз аяғының» үлгісімен жазған.