Ауылдық мектеп есепшісіне 25 пайыз қосымша ақы төленуі тиіс пе?
Мен ауылдық мектепте есепші болып істеймін. Менің білгім келетіні, маған ауылдық жерде қызмет істеп жүргенім үшін 25 пайыз қосымша ақы төленуі тиіс пе?
Назым ЕЛТОҒАНОВА, Қарағанды облысы
Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң жалақыларымен және ставкалармен салыстырғанда кемiнде 25 процентке жоғары лауазымдық жалақылар мен тарифтiк ставкалар белгiленедi.
Ауылдық (селолық) жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет және спорт мамандары лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi органмен келiсiм бойынша жергiлiктi атқарушы орган айқындайды.
Сондай-ақ бұл норма «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңында көзделген.
Осыған орай, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын және ауылдық елді мекендерде орналасқан мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істейтін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына қызметтің осы түрлерімен қалалық жағдайда айналысатын мамандардың айлық ақыларымен және тарифтік ставкаларымен салыстырғанда кемінде жиырма бес процент жоғары айлық ақылар мен тарифтік ставкалар белгіленеді.
Сондықтан ауылдық елді мекендерде орналасқан аталған салалардың мемлекеттік ұйымдарында жұмыс істейтін басқа мамандары (соның ішінде есепші) лауазымдарына қатысты жоғарыда аталған жоғарлатылған айлық ақылар мен тарифтік ставкалар белгіленбейді.