Алматы облысында кейбір ауылдардың атауы өзгертіледі деп естіп едік. Сол жайында нақты мәлімет берсеңіздер.
Нұрила, Алматы облысы
Сіздің сауалыңыз бойынша айтарымыз, таяуда ғана Алматы облысында кейбір ауылдық округтер мен ауылдардың атауын өзгерту туралы арнайы шешім қабылданды. Облыстық мәслихаттың депутаттары «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымы туралы» Заңының 11-бабы 4-тармағына сәйкес, аталмыш аумақтардың халқының пікірін ескере отырып және Ақсу, Алакөл, Қаратал, Еңбекшіқазақ, Райымбек аудандарының мәслихаттары мен әкімдіктерінің ұсынысымен бірқатар елді мекендегі ескі атаулар жаңартылды.
Ресми мәлімет бойынша:
• Ақсу ауданының Қызылту ауылдық округі мен Қызылту ауылы – Барлыбек Сырттанов атындағы ауылдық округ пен Барлыбек Сырттанов ауылы;
• Алакөл ауданының Герасимовка ауылдық округі – Сапақ ауылдық округі;
• Қаратал ауданының Қарашенгел ауылдық округі – Жолбарыс батыр ауылдық округі;
• Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылдық округінің Красный Восток ауылы – Өрікті ауылы;
• Еңбекшіқазақ ауданы Көктөбе ауылдық округінің Совет ауылы – Қызылжар ауылы;
• Еңбекшіқазақ ауданының Октябрь ауылдық округі – Бартоғай ауылдық округі;
• Райымбек ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің Кіші Жалаңаш ауылы Ақай Нүсіпбеков ауылы деп өзгертілді.
Облыстық мәслихаттың хатшысы Ардақ Сыдықтың хабарлауынша, Алматы облыстық әкімдігінің өкімі және Алматы облыстық мәслихатының шешімі ресми жарияланған күннен 10 күн өткен соң күшіне енеді, яғни 2010 жылдың 4 желтоқсанында.
Ауылдардың атауы өзгерді ме?
Последние статьи автора