Ауа райын болжағым келеді
Әдетте ауа райы туралы ресми мәліметтер дәл келмей жатады. Халқымыз оны бұрыннан өзінше болжап біліп отырған. Сондай болжамдардың біразын білсем деп едім.
Ғани ОРЫНБЕКҰЛЫ, Ақтөбе қаласы
Қазақ халқы ежелден ауа райы құбылыстарын табиғаттың өзіне қарап-ақ болжап отырған. Мыңдаған мысалдардың бір парасы төмендегідей:
жауын немесе боран жұма күні басталса, ол келесі жұмаға дейін басылмайды;
жазда күн кенет ысып кетсе, көп ұзамай жаңбыр жауатыны белгілі;
жазда құйын көп болса, қыс боранды, жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады;
күн бұлтқа батса, келесі күн жауын-шашынды болады;
көктемде күн көп күркіресе, егін, шөп мол шығады;
батар күн қызыл шапаққа малынса, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады;
бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады; шетінен ыдыраса, күн жылынады;
қызара батқан күн – желдің, ашық сары болып батқан күн – жаңбырдың белгісі;
ай қызыл түспен қораланып, сол шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күн ашық болады;
осындай екі шеңбер немесе күңгірт бір шеңбер көрінсе, ол – қатты суық болады деген хабар;
желсіз түні түтін жерге қарай шалқыса, қыста – қар, жазда жаңбыр жауады;
қораланған күннің шеңбері тар болса, ауа райы тез бұзылады.
Мұндай халықтық болжамдар ресми болжамдарға қарағанда көбіне дәл келіп жататынын өмірдің өзі көрсетіп келеді.