Ата-бабаларымыз азаттық үшін неше рет көтеріліс жасады?
–Біздің ата-бабаларымыз азаттықты бұрыннан аңсап келді. Ресей империясының құрамына өткеннен кейін көптеген көтерілістер жасады. Менің білгім келгені, қазақ халқы бостандық алу жолында нақты неше көтеріліс жасады?
Айман, Атырау қаласы
Бұл сұраққа тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков жауап береді:
–Нақты деректерге көз жүгіртсек, Сталиндік тоталитарлық жүйенің күштеу саясатына қарсы қазақтар 372 рет көтеріліске шыққан. Бұл арғы заман емес, 30-жылдардың тұсында. Бұған 80 мыңға жуық адам қатысқан. Бұл ірілі-уақты көтерілістер бір орталықтан басқарылған жоқ. Әркім өз халдерінше қимылдады. Бірақ барлық көтерілістің мақсаты – азаттық алу үшін еді. Қазір өткенді зерделеп отырсақ, сол көтерілістердің күңгірт жағы көп. Ол – сол дүмпулерді ұйымдастырған басшыларды ешкім біле бермейді. Біздің мақсатымыз – солардың аты-жөндерін жарыққа шығарып, жұртқа таныту. Жас ұрпақтың жадына сіңіріп, тәрбиелеу. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы соның заңды жалғасы. Қазақ халқының қай көтерілісінің астарына үңілме, барлығы тәуелсіз ел болу үшін жанталасудың қаракеті. Сондықтан қасиетті Желтоқсан – біздің тарихымыздың бөлінбес бөлшегі. Оны білу, зерттеу, қастерлеу – бәріміздің парызымыз. Иә, тәуелсіздік – қазаққа бұйырған үлкен сый болды. Тек осының қадір-қасиетін терең сезініп, оны қорғау үшін барымызды салуға тиіспіз.