Ата-анасы жұмыссыз балаларға қандай жәрдемақы қарастырылған?
Біз жұбайымыз екеуміз де жұмыссызбыз. 4 және 2 жасар екі баламыз бар. Менің білгім келгені: балаларға қандай жәрдемақы берілуі тиіс?
Тоғжан ҚОҒАБАЕВА, Шығыс Қазақстан облысы
Республикалық бюджеттен төленетін төлемдер:
2012 жылы барлық отбасыларға бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 48 540 теңгені құрайды.
Бала бір жасқа толғанға дейін берілетін күтімі жөніндегі жәрдемақы мөлшері бірінші балаға – 5,5 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) немесе 8899 теңге; екінші балаға – 6,5 АЕК (10 517 теңге); үшінші балаға – 7,5 АЕК (12 135 теңге); төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,5 АЕК (13 753 теңге).
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан төленетін төлемдер:
Отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы айлық табысы белгіленген азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқылы. Әр балаға берілетін жәрдемақының мөлшері 1 айлық есептік көрсеткішті немесе 1 618 теңгені құрайды.
Бұдан басқа белгіленген кедейлік шегінен отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы төмен болған жағдайда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер бола алады. Бұл көмектің айлық мөлшерін уәкілетті орган отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен облыста белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде есептейді.
Сонымен бірге тұрғын үй көмегі сол жерде тұрақты тұратын және тұрғын жайдың меншік иесі немесе жалдаушысы (қосымша жалға алушылары) болып табылатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен беріледі. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқару органдары белгілейді.
Бұдан басқа, облыс, қала және аудан әкімдері, меншік нысанына қарамастан, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшыларына өз құқығы мен құзыры шегінде әлеуметтік қорғауға мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау жөнінде қосымша шараларды белгілеу құқығы берілген.
Жоғарыда айтылғанға сәйкес және «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасу мәселесі бойынша, сіздерге тұрғылықты жеріңізде жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласуларыңызға болады.